Алматыда нәзік жанды полиция қызметкерлері құрметіне Құрманғазы атындағы оркестр концерт берді (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жанды полиция қызметкерлерінің құрметіне Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі концерт берді.
Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Салтанатты іс-шара Алматы қалалық ІІД ғимаратында өтті.
«Бүгін аты аңызға айналған, халықаралық байқаулардың талай жүлдегері болған оркестр әйел әріптестеріміздің құрметіне тамаша концерт берді. Біздің нәзік жанды полиция қызметкерлеріміз ішкі істер саласында ерлермен бірге өздеріне жүктелген жауапты қызметтерді ойдағыдай атқарып келеді. Сонымен қатар олар үйде - аяулы қарындас, сүйікті жар, мейірімді ана. Бүгінде Алматы полициясында 1 мыңға жуық әйел азаматтар қызмет атқарады. Олардың ішінде тәжірибелі тергеушілер, жедел уәкілдер, криминалистер бар. Олар кей уақытта қызметтік міндеттемелерді ер азаматтардан артық орындайды», - деді өз сөзінде Алматы қалалық ІІД бастығы, генерал-майор Серік Күдебаев.
Мерекелік іс-шара барысында әйел полиция қызметкерлері ҚР ІІМ және Алматы қалалық ІІД тарапынан Мақтау грамоталарымен, Алғыс хаттарымен және «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.
«Бұл мерекелік күні, әсіресе нәзік жанды ардагер әріптестерімізге ризашылығымызды білдіреміз. Олардың көпжылдық еңбегі, бай тәжірибесі және кәсіпқойлығы бүгінгі жас полиция қызметкерлері үшін үлгі. Біз Сіздерді мақтан тұтамыз. Сіздердің арқаларыңызда өміріміз мәнді, мағыналы, жарқын да шуақты, сүйіспеншілікке толы бола түседі. Сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестрге де алғысымызды білдіре отырып, шығармашылық табыстар тілейміз!», - деді С. Күдебаев.