16:18, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда оқушылардың Республикалық ғылыми сайысы аяқталды
АЛМАТЫ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Бүгін Алматыдағы «Алатау» шипажайында оқушылардың Республикалық ғылыми сайысы аяқталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған сайыс ақпанның 23-інде басталған болатын. Оқушылар бәсекесі «Қазақстан-2030» стратегиясы аясында экономикалық және мәдени әлеуметтік тақырып бойынша «Ғылыми-техникалық прогресс - экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық-әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта «Қазақстан 2030» стратегиясын іске асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат маршруттары» атты 4 бағытта өтті. Ол ҚР ҰҒА ғылыми жетекшілігімен өткізіліп, 400-ден астам жас зерттеушінің еңбектері қатыстырылды. Жыл сайын өткізілетін бұл жарыс 2000 жылдан бастап Intel корпорациясы ұйымдастыратын Дүниежүзілік ғылым және техника көрмесінің филиалы болып табылады. Содан бергі уақытта аталған дүниежүзілік көрмеге 30-дан астам Қазақстандық оқушы қатысқан.