15:02, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда Орталық Азия мемлекеттерінің медиаиндустрия өкілдері бас қосты
АЛМАТЫ. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Ақпанның 12-і мен 18-і аралығында Алматыда Орталық Азия мемлекеттерінің медиаиндустрия өкілдері мен университеттерде журналистикадан тәлім беретін оқытушылар кәсіби шеберлікке баулитын жаңа әдістемелерді, технологияларды және оқу бағдарламаларын жасау мақсатымен семинар өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл халықаралық семинар Малайзиядағы Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату институтының ұйымдастыруымен және ҚМЭБИ журналистика департаментінің атсалысуымен өтті.
Аталған халықаралық басқосуға қатысушылар конкурстық негізде іріктеліп алынды. Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан журналистері журналистика саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың дәріскерлері мен журналистика факультеттердің оқытушылары арасында ұйымдастырылған конкурста үздік шыққандар болып табылады. Оларды семинарға қатыстырмас бұрын БАҚ үшін кәсіби мамандарды дайындаудағы тәжірибелері ескерілді. Семинар тәжірибелі журналист ? Огайо (АҚШ) университетінің профессоры Дэвид Моулдтың басшылығымен өткізілді. «Бұл басқосуды өткізу идеясы 2007 жылы туындады. Біз Алматыда ЮНЕСКО-ның директорымен кездесіп, оқу әдістемесін жасап шығару қажеттігі жайында әңгіме қозғадық. Менің бұл пікірім Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде бекітілді. Осылайша идеямызды жүзеге асыруға келдік», - дейді Д. Моулд.