Алматыда өрттен зардап шеккен отбасыларға 4,5 млн теңге өтемақы төленді

2021 жылғы шілдеден бастап 1326 әлеуметтік осал топқа жататын отбасы және 1876 бейәлеуметтік өмір салтын ұстанатын адамдар тізімі жасақталып, жеке топқа бөлінді. Сол тізімге сәйкес аталған топтағы азаматтар тізімі әлеуметтік көмек көрсету бойынша шаралар қабылдау үшін аудандық әкімдіктерге және әлеуметтік әл-ауқат басқармасына жолданды. Бұл туралы брифинг барысында қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде осы санаттағы 127 отбасына 20 айлық есептік көрсеткіш (58 340тг) мөлшерінде ай сайынғы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, өрттен зардап шеккен адамдарға 4,5 млн теңге көлемінде өтемақы төленді»,- деді спикер.
Бұдан бөлек «Көмек қолы» акциясы аясында 66 улы газ датчигі орнатылды. Көмірмен жылытылатын барлығы 1326 жеке тұрғын үй толық жабдықталған.
Департамент өкілінің мәліметінше, жеке тұрғын үй секторын аралау бойынша рейдтік іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылып жатыр. Алайда, жүргізілген жұмыстарға қарамастан, биыл 37 адам, оның ішінде 25 бала табиғи газбен уланып қалған.
«Осыған орай, ведомства шарт міндеттемелерін орындамайтын қызмет көрсететін компанияларға шара қабылдау мақсатында тұрғын үй саясаты басқармасымен бірге «Алматыгаз АРЦ» ЖШС жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде газ қазандықтарына техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды сапалы қамтамасыз етпегені және уақтылы орындамағаны үшін «Алматыгаз АРЦ» ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 299-бабы 4-бөлігі бойынша 100 АЕК (306 300 теңге) айыппұл салды»,- деді Самат Асаинов.