Алматыда өтіп жатқан агрохимиялық Азия форумы енді дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады

Үш күндік бұл шараны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен «Қазфосфат» пен «Маркер» компаниялары бірлесіп ұйымдастырып отыр.
«Біздің мақсатымыз - еліміздегі және әлемнің өзге мемлекеттеріндегі минералдық тыңайтқыштары қолдану тәжірибиесін сараптау. Өйткені жеріміз бай, оның құнарын сақтау үшін тыңайтқыштар қолдану жайы көңіл көншітпей отыр. Оны форум кезінде бүгін ғалымдар да жан-жақты көрсетіп берді. Сондықтан агрохимиядағы көкейкесті мәселенің шешімін табу үшін бұл шараны біз енді дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұрмақпыз», - дейді «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров.
Оның айтуынша, қазір олар күрделі тыңайтқыштар шығаратын жаңа өндіріс орнын ашу үшін Литваның «Arvi» компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл келісім осы айдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Мақсат - адамның өміріне қажетті ең негізгі азот, фосфор, калийді араластырып жаңа күрделі тыңайтқыштар шығару. Жалпы бүгінгі таңда елімізде фосфат шығаратын «Қазфосфат» пен азот өндіретін «Қазазот» компаниялары өз өнімдерін тұтынушыларға делдалсыз тікелей жеткізуде. Сондай-ақ көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Украина және Прибалтика мен бірқатар Еуропа елдеріне де өз өнімдерін экспортқа шығаруда.