Алматыда өтіп жатқан халықаралық ғылыми форумда ғалымдар инвесторларға 30 инновациялық жоба таныстырды

«Бүгінгі ғылым мен бизнес өкілдерінің екінші кездесуі халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Оған көрші Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдердің ғалымдары да қатысуда. Жалпы, біздің орталыққа осы екінші отырысқа қатысты 120 астам инновациялық жоба ұсынылған болатын. Біздің серіктес инвесторлар, сарапшыларымыз олардың ішінен 30 жобаны таңдап алды. Енді қалған жобаларды да коммерциялындыру мақсатында қосымша жұмыстар жүргізілетін болады. Мен мұнымен не айтқым келеді? Қазіргі таңда ғылымды қажет ететін экономиканы құруда жеке инвесторлардың ролі өте үлкен! Жоғары дамыған елдерде ғылымға инвестиция жұмсауда басты драйвер мемлекет пен бюджеттік қаржы емес, корпорациялар, бизнес орта, яғни кәсіпкерлер! Ал бұл үшін ғылым мен бизнес арасында жүйелі байланыс, диалог орнату қажет. Сондықтан, біз бүгінгі диалог алаңының елімізде ғылымды қажет ететін экономканы қалыптастыруда басты ұйымдастыру тұғырнамасына айналады деген үміттеміз» - деді өз сөзінде «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ президенті Әділ Ыбыраев.
Айта кетелік, үстіміздегі жылдың 18 мамырында өткен бірінші отырыста 13 жоба ұсынылған болатын. Соның ішінде ілеспе мұнай газын сұйық синтетикалық көмірсутегіне айалдыру жобасы инвесторлар тарапынан қызығушылық тудырған екен. Қазір осы жоба бойынша нақты келіссөздер жүргізіліп жатыр. «Ал бүгінгі кездесуде әсіресе балама қуат көздеріне қатысты жобалар инвесторлардың қызығушылыын тудыруда», - дейді мамандар.
Сонымен қатар, аталмыш шара аясында ұсынылған жобалардың көрмесі өтіп жатыр.
Ғылым мен бизнес өкілдері бас қосқан бүгінгі форумның басты ұйымдастырушысы - ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ.