19:18, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда өткен аптада тек Бостандық ауданында ғана алғашқы кезекте тұтынатын тауарлардың бағасы тұрақты болды
АЛМАТЫ. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда өткен аптада тек Бостандық ауданында ғана азық-түлік пен халықтың алғашқы кезекте тұтынатын негізгі тауарларының бағасы тұрақты болды. Бұл бүгін қала әкімінің төрағалығымен бағаларды қадағалау және инфляциялық үдерістерді тоқтату мәселелері бойынша өткен алқалы жиында айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Өткен аптада дәрі-дәрмектің бағасы Алмалы ауданында 5 пайыз, Жетісу ауданында 20 пайыз өсті. Сондай-ақ Алмалы ауданындағы маргарин зауытының өнімдері қымбаттап, Медеу ауданында қой еті, жұмыртқа, өсімдік майы, картоп пен қырыққабаттың бағасы Орталық базарда 10-15 пайызға ұлғайды. Түрксіб ауданында «7 и Я» дүкендер желісінде макарон өнімдері, «Фудмастер» компаниясының сүттері, «Баракат» күріші мен өсімдік майы 25 теңгеге өсті. Көтерме базарларда да қант 10 теңгеге, Ақмола ұны 25 теңгеге қымбаттағаны байқалды», дейді әкімге есеп берген қала прокуроры Жақсылық Байтұқбаев. Ахметжан Есімовтің сөзіне қарағанда, қазір азық-түлік пен бірінші кезекте қолданылатын тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасын тұрақтандыруға құзырлы органдар ерекше мән беруі керек. Тарифте де биыл Премьер-Министрдің нұсқауы бойынша ешқандай өзгерістер болмауы қажет.