Алматыда өткен ғылыми жиында 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру барысы талқыланды
Дөңгелек үстел барысында Камал Низамұлы реформада белгіленген шаралардың республика көлемінде жүзеге асырылу барысы жөнінде толыққанды ақпарат берді. Сонымен қатар, 5 институционалдық реформаның маңызына тоқталды.
«Біз жалпы, «Парламент туралы» заңның негізінде әр үш ай сайын ел аралаймыз. Сайлаушылармен кездесіп, оларды Парламенттің атқарып жатқан жұмыстарымен және елімізде жүзеге асырылып жатқан үлкен іс-шаралармен таныстырамыз. Солардың бірі - әрине, Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформа. Оларды жүзеге асыру үшін Елбасы «Ұлт жоспары-100 нақты қадамды» алға тартты. Бес институционалдық реформаның басты мақсаты - халқымыздың сана-сезімін, өмірге деген көзқарасын, дүниетанымын өзгерту. Сәйкесінше, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын түбегейлі жаңғырту, жаңарту. Заман ағымына, заман талаптарына қашанда дайын болуы, соған сәйкес лайықты іс-әрекет жасау. Біз алдымызға әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына енеміз деп мақсат қойдық. Демек, Қазақстанның әрбір азаматы бұған лайықты болуы керек», - деді К. Бұрханов.
Сонымен қатар, ол бұл реформаны жүзеге асыруға Қазақстаның әрбір азаматының қатысуы керектігін жеткізді.
«Бізде өкінішке қарай, мынадай бір жағымсыз үрдіс қалыптасқаны жасырын емес. Әдетте Елбасы ұсынған реформаларды, үндеулерді бас салып талқылаймыз. Олар туралы конференция, дөңгелек үстелдер өткіземіз. Түсініктеме береміз. Бірақ кейін, көп ұзамай оларды ұмыта бастаймыз. Ал бес институционалдық реформа - бұл өте күрделі шара. Бұл, халқымыздың өмірге деген көзқарасын, дүниетанымын өзгертетін стратегиялық маңызы бар реформа. Ол еліміздің әрбір азаматын қамтиды. Бұдан шет қалуға болмайды. Мүмкін де емес. Елбасы оны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадамды ұсынды. Енді соларды бір адамдай ат салысып, жүзеге асыруымыз керек», - деді халық қалаулысы.
Кездесу барысында Камал Бұрханов қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.