Алматыда өткен халықаралық турнирде оңтүстіккореялық волейболшылар Азия Кубогын жеңіп алды

Бүгін Алматы қаласының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен халықаралық турнирдің соңғы күні ақтық сында Үндістан мен Корея құрама командалары кездесті. Күтілгендей, финалдық ойын аса тартысты өтті. Екі команда да айшықты ойын өрнегін көрсете білді. Әр партия әдеттегіден тыс ұзаққа созылды. Кейде бір ұпай үшін тартыс бірнеше минутқа созылды. Дегенмен, бірінші сеттің соңында оңтүстіккореялықтар тегеуріндік танытып, 25:23 есебімен алға шықты. Екінші партияның алғашқы жартысында басымдыққа ие болған үндістандықтар ойын соңына қарай тағы да орынсыз қателіктерге бой алдырып, аяқ астынан есе жіберіп алды. Есеп - 25:21. Үшінші шешуші сеттегі тартыс шарықтау шегіне жетті. Алма-кезек ойында үндістандықтар соғылған допқа тосқауыл қою жағынан сәтті ойнаса, кореялықтар допты ойынға қосу және серіппедей серпіліп, допты қарсыластар алаңына бар пәрмендерімен соғу жағынан басым түсіп жатты. Үндістандықтар екі матчболдан құтылғандарымен, екі мүмкіндікті де дұрыс пайдалана алмады. Үшінші матчболда кореялықтар 27:25 есебімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп - 3:0. Оңтүстік Корея құрама командасы өз тарихында тұңғыш рет Азия Кубогын жеңіп алды.