Алматыда пандустың дәл алдына орнатылған билборд алынып тасталды

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, билбордты алып тастаумен «Алматы Жарнама» компаниясы айналысты. Демонтаждан кейін жол жабынына нұқсан келді, бұл жерге компания жаңа асфальт төсеп беруге уәде берді. Атышулы билбордты жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмейтін өзге жерге орналастырады.
«Қымбатты достар, Фейсбук - алып күш екен! Билбордты пандустың алдынан алып тастады, тіпті болмаған ба дерсің! Бірнеше сағатта бәрін реттеді! Менің дабылыма үн қосқан барлық адамға алғыс білдіремін! ҚазАқпарат пен өзге де БАҚ-қа ерекше алғыс! Біз күштіміз!», - деп жазды өзінің парақшасына Е.Филипенко.
Еске сала кетсек, Екатерина Филипенко өзінің Facebook парақшасында пандус алдындағы жаяужолға билбордтың орнатылғанына наразылығын білдірген еді. Әкімдік аталған шағымды қабылдап, мәселені реттеуге уәде берді.