Алматыда полицияның 3,5 мың қоғамдық көмекшілері бар (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің дерегінше, бүгінгі таңда Алматыда құқық қорғау бағытында 206 қоғамдық топ жұмыс атқарады. Олардың қатарында 3,5 мың адам бар.
«Азаматтардың қоғамдық белсенділігі Елбасы қойған міндеттерді орындау шеңберінде және ҚР «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» заңына сәйкес қарастырылған. Барлық учаскелік полиция бекеттерінде жергілікті пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері, кәсіпорын және басқа да ұйымдардың басшылары және қоғамдық белсенді азаматтардан Қоғамдық кеңестер құрылған. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында студенттік құқық қорғау отрядтары да құрылды», -деді Алматы қаласы Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов.
2015 жылдың қорытындысы бойынша, жалпы сомасы 18 млн теңгеге осындай қоғамдық құрамалардың 1 148 мүшесіне ақшалай сыйақылар табыс етілді. Солардың көмегімен өткен жылы 112 қылмыс пен 14 мыңнан астам құқық бұзушылық әрекеттер әшкереленген.
Түркісіб аудандық ІІБ жанындағы полиция бөліміне көмек көрсетуші қоғамдық топ - қаладағы ең үлгілі халық жасақтарының бірі. Оның мүшелері тұрақты түрде көшелерді аралайды, ұсақ құқық бұзушылық әрекеттерге жол бермейді және жергілікті полиция қызметкерлеріне көмек көрсетеді.
«Бүгінгі таңда Түркісіб аудандық ІІБ жанында құрылған халық жасағында 43 қоғамдық көмекші жұмыс істейді. Олар - кез-келген құқық бұзушылық әрекеттерге төзбейтін жастар. Олардың кейбірі болашақта ішкі істер органдарында қызмет істегілері келеді», - деді Түркісіб аудандық ІІБ жергілікті полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Фархат Сыбанбаев.
Айта кетелік, қоғамдық көмекшілер тұрақты түрде өздерінің біліктілігін арттырумен айналысады. Сондай-ақ, заңнамадағы өзгерістерден хабардар және полиция қызметкерлерімен бірге самбо күресінің әдістерін үйренеді.