Алматыда Ресей азаматшасынан аса ірі көлемде героин тәркіленді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 57 жастағы Ресей азаматшасынан 3 келіден астам героин тәркіленді. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Алматыда Ресей азаматшасынан аса ірі көлемде героин тәркіленді

«Алматыда 4 шілде күні 13 сағат 20 минутта ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаменті Өңірлік есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасынының қызметкерлері Алматы қалалық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы басқармасы және ҚР ІІМ Кинологиялық орталығымен бірлесіп, Ангарская көшесінде Ресей азаматшасын ұстады. Сырттай тінту барысында Самара қаласының 1959 жылы туған тұрғынының ішкі көйлегінен ішінде сарғыш түсті ұнтақ тәрізді заты бар үш полиэтилен түйіншек табылып, тәркіленді», - делінген хабарламада.     

Бұдан әрі оқиға орнында ҚР ІІМ Кинологиялық орталығының қызметтік-іздеу итінің көмегімен екі жасырын қойма табылды. Тексеру барысында ол жерден ішінде сарғыш түсті ұнтақ тәрізді заты бар жеті полиэтилен түйіншегі табылып, тәркіленді.   

Сот-химиялық сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың жалпы салмағы 3 келі 34 грамм 94 миллиграмм болатын героин екендігі анықталды. 

Полицияның дерегінше, бұл факт ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталған азаматша ІІД уақытша тергеу абақтысына қамалды.