Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары тегін емделді (ФОТО)

Таңертеңнен бері білікті дәрігерлердің қарауынан 40 адам өтті. Оларды құлақ-мұрын дәрігері, көз дәрігері, нейрохирург, эндокринолог, уролог, гинеколог сынды салалық мамандар қабылдады.
Емхана директоры Ғұбайдуллина Жанардың айтуынша, ашық есік күндері осымен қатарынан үшінші жыл өткізіліп отыр.
«Басты мақсатымыз ХХ ғасырда солақай саясаттың әсерінен саяси қуғын-сүргінге ұшырап, зардап шеккен азаматтарымызды еске алу. Олардың ерлігін студенттер біліп жүрсе, мұғалімдер жадынан шығармауы керек. 1930 жылдары репрессияға ұшыраған аталарымыздың ұрпақтарына және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларға ақысыз медициналық қызмет көрсету арқылы оларға өзіміздің сый-құрметімізді, ілтипатымызды білдіріп отырмыз. Сондай-ақ біздің студенттер де қайырымдылық пен мейірімділік дегеннің не екенін білуі керек», - деді ол.
Маманның айтуынша, келушілер ақысыз негізде дәрігерлерден кеңес алып, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін емделе алады.
«Қазір елімізде кез-келген адам дәрігерді өзі таңдай алады. Қараша айында кез-келген азамат өз емханасынан шығып, біздің емханаға тіркеле алады. Сондай-ақ олар күндізгі стационар бөлімінде де емделе алады», - деп қорытындылады директор.
Дәрігерлердің алдына Қошке Кемеңгерұлы, Ілияс Жансүгіров сынды алаш ардақтыларының ұрпақтары келді. Олар тексеріліп қана қоймай, аңыз тұлғалар туралы естеліктерімен бөлісті.
1 маусым халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында аталған емхана «АРДИ» мүмкіндігі шектеулі балалар қауымдастығының тәрбиеленушілерін тегін қабылдайды.