Алматыда сайлау күні ТМД елдерінен 27 халықаралық байқаушы жұмыс істейтін болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Доспанов елімізде 20 наурызда болатын сайлау науқаны қарсаңында халықаралық байқаушылармен кездесті.

Айта кетелік, 2016 жылдың 26 ақпанынан бастап, Қазақстанда ТМД елдерінің байқаушылар миссиясы жұмыс істей бастады.

Миссия штабы Астана қаласында орналасқан. Содан бері байқаушылар сайлауалды науқанының барлық кезеңдеріне байқау жасап келеді.

Ал Алматыда бұл штабтың филиалы 12 наурыздан бастап жұмыс істей бастады. Ол ТМД байқаушыларының Алматы мен Алматы облысындағы қызметін реттейтін болады.

Әзірге ТМД елдері тарапынан сайлауға (Украина мен Қазақстанды қоспағанда) 301 байқаушы аккредиттелген.

«ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлауға дайындалу барысында қыруар жұмыстар атқарды. Жергілікті билік органдары сайлаушылардың тізімін дұрыс жасауға күш салып жатыр. Бұл жұмыс жақсы жолға қойылған. Сайлау учаскелері мен Халыққа қызмет көрсету орталықтары арасында тығыз байланыс орнаған.

Мысалы, егер сайлаушының аты-жөні тізімнен табылмай жатса, бұл мәселе ХҚО көмегімен бірнеше минут ішінде шешіледі», - деді

ТМД байқаушылары Миссиясының байқаушысы Юрий Демьяненко.

Оның айтуынша, сайлауға қатысты әдістемелік жұмыстар да жоғары дәрежеде жүргізілген.

«Мен сайлау комиссияларының мүшелеріне, сондай-ақ, ұлттық және халықаралық байқаушыларға арналған оқу құралдарымен таныстым. Олар жергілікті байқаушылар үшін қазақ және орыс тілдерінде, ал халықаралық байқаушылар үшін ағылшын тілінде жазылған. Мен қала көшелерін аралап, сайлау учаскелерінде болып қайттым. Олардың барлығы біркелкі жақсы безендіріліпті. Барлық жерде мемлекеттік рәміздер ілінген, екі тілде баннерлер, дауыс беруге арналған жәшік пен кабиналар орнатылған. Сайлауға дайындық жоғары деңгейде деуге болады», - деді байқаушы.

Айта кетелік, халықаралық байқаушылар сайлау туралы Алматы тұрғындарынан сауал алған екен. Жауап бергендердің барлығы сайлау туралы хабардар екендіктерін және сайлауға шақыртулар алғандықтарын айтқан.

«Біз өз тарапымыздан әдеттегідей сайлау барысын бақылайтын боламыз. Бұл сайлау науқаны Қазақстаның дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын», - деді шетелдік сарапшы.

Соңғы жаңалықтар
telegram