Алматыда сел тасқыны болған аймақтан 213 540 текше метрден астам тұрмыстық қалдықтар мен лай үйінділері шығарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда төтенше жағдай орын алған аймақта сел салдарын жою кезеңі барысында барлығы 297 үй мен 155 учаске тазартылып, тиісінше 213 540 текше метрден астам тұрмыстық қалдықтар, лай және тас үйінділері шығарылды. Бұл туралы бүгін «Алматы қаласының құтқару қызметі» кәсіпорнының баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

«Наурызбай ауданында 2015 жылдың 2 тамызына қарай, 234 үй мен 99 учаске тазартылып, 143 405 текше метр лай-тас үйінділері шығарылса, Алатау ауданында 12 көше, 44 участке және 63 үй тазартылып, 58 065 текше метр, ал Әуезов ауданында 12 учаскеден 12 079 текше метрден астам тұрмыстық қалдықтар, лай және тас үйінділері шығарылды», - делінген мәлімдемеде.

Қарағайлы өзені су арнасының 7 шақырымдық жері зақымдалған болатын. Қазір соның 4 шақырымнан астам жері тазартылып, қазір жағаны нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 65 апатты ағаш кесіліп, қала сыртына шығарылды.

«Алматы Жарық Компаниясы» АҚ электр шаруашылығы қызметі 2 тамызға қарай, электр қуатынсыз қалған 3000 үйдің 2988-іне электр желісін тартты. Енді тек Райымбек көшесінің бойында орналасқан 12 үй ғана әзірге жарықсыз қалып отыр. Өйткені, ол үйлердің аулалары әлі тазартылған жоқ.

Сонымен қатар, әзірге Наурызбай ауданында 1100 үйге су желісі әлі тартылмады. Ол үшін желідегі суды зертханалық тексеруден өткізу керек. Тек содан соң ғана су желісі іске қосылатын болады. Әзірге ауыз су тұрғындарға 19 су тасымалдайтын көліктер арқылы жеткізіліп жатыр.

Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары барысында табиғи газсыз қалған 157 тұтынушының 110-нында желілер қалпына келтірілді. Зақымдалған газ желілері қалпына келтірілген соң, қалған 41 үйге де газ жіберіледі.

Сонымен қатар, санитарлық эпидемиологиялық қызмет күні бүгінге дейін 638 ауланы залалсыздандырып үлгерді.

Ал Алматы қаласмы денсаулық сақтау басқармасы болса 1000-нан астам адам тұратын 594 ауланы тексеріп, індетке қарсы бактериофагтың 2500-ден астам дозасын және басқа да дәрі-дәрмектерді тұрғындарға таратты.

Ақсай шатқалының жоғары жағында орналасқан №8 және №8а тұйық көлшіктердің су деңгейін азайту мақсатында ұзындығы 200 метрден астам ағызу арналары орнатылды. Әзірге су деңгейінің көтерілу қаупі жоқ.

Жалпы апат аймағында 1000-нан астам ерікті жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар, апаттық-құтқару жұмыстарына аумақтық мемлекеттік органдардың, ТЖ бойынша комитеттің, Алматы қ. ІІД бөлімшелері, «Алматы қаласының құтқару қызметі» кәсіпорыны, ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясы, ҚР ҚМ Алматы гарнизонының әскери бөлімшелері, Азматтық қорғаныс қызметі және еріктілер тартылған.

Барлығы, сел салдарын жою жұмыстарына 1784 адам мен 325 техника жұмылдырылған.

Соңғы жаңалықтар