Алматыда сел тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 100 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі
Оның айтуынша, ешбір жанұя билік тарапынан қараусыз қалдырылмайды.
«Әрбір зардап шеккен адам ағымдағы заңнама мен ережелерге сәйкес, қазірдің өзінде жергілікті әлеуметтік қорғау органдарына жүгіне алады. Бұл жерде әрбір жанұяға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдем ақша беріледі. Ал қалған төлемдер зақымдалған үйлерді қосымша тексеру барысында нақтыланатын болады. Егер де үй сақтандырылған болса, онда әрине бұл жұмысқа сақтандыру компаниялары да тартылады. Ал егер де тұрғылықты үйлер, шаруашылық қора-жайлар заңсыз түрде салынған болса, онда бюджет тарапынан ешқандай төлемақы төленбейді», - деді Ю.Ильин.
Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары алдағы демалыс күндері қалада жаңбыр жаууы мүмкін екендігін ескертті.
«Қазір біз енді Қарғалы өзеніндегі су деңгейінің бәсеңдеуін күтіп жатырмыз. Егер төмендесе, онда барлық мүліктерді түгендеу жұмысына бүгін кірісеміз. Ал ауа райына келетін болсақ, алдағы демалыс күндері Алматының таулы аймақтарына жаңбыр жауады деп күтілуде. Соның салдарына тау өзендерінде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Бірақ қазір ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ-нің Алматы аймақтық техникалық пайдалану басқармасы тарапынан жіті бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер қажет болып жатса, алдын алу мақсатында таудағы мореналық көлдерінің суын төмен қарай ағыздыратын боламыз. Бүгін таңертең Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бастауларын аралап ұшып шықтық. Әзірге ешқандай қауіп жоқ» , - деді Ю.Ильин.
Айта кетелік, Қазақстанда биыл бір айлық есептік көрсеткіштің көлемі 1982 теңгені құрайды.