Алматыда «Семей заман белестерінде» атты фотокөрме өтеді

Семей қаласының 130-жылдық мерейтойына арналған бұл шараны Орталық мұражай мен Семей облыстық тарихи-өлкетану мұражайы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Оған ХIХ-ХХ ғасырларда түсірілген бірегей көне фотосуреттердегі қала көріністері, көшелер, саябақтар, ескерткіштер және өлке тарихына қатысты қызықты оқиғалар мен ғимараттар, сонымен қатар қаланың жаңа келбеті түсірілген сан алуан фотосуреттер қойылған. Олардың қатарындаХIХ ғ. соңында қаланың шет алқаптарын суретке түсірген әуесқой фотосуретші Ф.Трейеровтың жұмыстары, ескі Семейдегі фотошеберхана иесі И.Дюков, К.Н. Могилевцев және Ф.Н.Белослюдовтардың қолынан шыққан ХХ ғасырдың бас кезіндегі қала көріністері де бар. Ал қаланың жаңа кезеңдегі келбеті В. Павлунин мен П. Михайлов түсірілімдерінде көрініс тапқан. Бұл фотосуреттер өзінің деректілігімен, тарихилығымен құнды.
Көрмеге қойылған экспонаттар Семей қаласының тарихы мен өсу жолы туралы сыр шертеді: ескі қала келбетін, оның тұрғындарын, көшелерін, көпірлерін осы күнгі жаңа көріністерімен салыстыра отырып тамашалауға мүмкіндік береді. Бұл көрмеге сондай-ақ, әр жылдарда шығарылған фотоаппарат үлгілері де қойылған. Олардың қатарында «Фотокор-1», «ФК-13х18», «Смена 8М СССР» және т.б. бар. Бұл жәдігерлердің басым бөлігін мұражайға Семей қаласының коллекционерлері А. Хмелев пен Е. Михайлов тапсырған.