Алматыда шабуыл кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлері отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда лаңкестікке қарсы операция барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына міндетті түрде материалдық көмек көрсетіледі.
Бұдан басқа, бүкіл Алматы қаласының полиция қызметкерлері бір немесе екі күндік жалақыларын қаза тапқан әріптестерінің отбасыларына аударатын болады. Бұл туралы Алматыда өткізілген баспасөз брифингі барысында Алматы қалалық Терроризмге қарсы күрес бойынша оперативтік штабтың ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлім етті.
«Құқық қорғау қызметі туралы» заңға сәйкес, қызмет барысында қаза тапқан полиция қызметкерінің отбасына міндетті түрде материалдық көмек көрсетіледі. Олар бейбіт өмірде азаматтардың қауіпсіздігін қорғау барысында қаза тапты. Бұл тұрғыда Алматы қаласы әкімдігі тарапынан да олардың отбасыларына тиісті көмек көрсетіледі деп ойлаймын. Қаза тапқан полиция қызметкерлері ақтық сапарға тиісті дәрежеде шығарып салынады», - деді С. Әзірбек.