14:12, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда шағын және орта бизнес құрылымдарында заңсыз жұмыс жасайтын шетелдік азаматтар екі есе көбейді
АЛМАТЫ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биыл Алматыдағы шағын және орта бизнес құрлымдарында заңсыз жұмыс жасаған шетелдік азаматтардың саны екі есе өсті.
Оны көші-қон полициясы басқармасының бастығы Марат Кезембаев бүгін баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Биыл шағын және орта бизнес құрлымдарын тексеруге жарияланған мораторий мерзімі қайта ұзартылғанға дейін олардың бәрін тексеріп шыққан болатынбыз. Соның нәтижесінде көші-қон заңын бұзған 2975 шетелдік азамат ұсталды. Былтыр дәл осы уақытта олардың саны 1329 адам болған. Ел аумағынан шығарылғандар былтыр 176 адам болса, биыл ол 258-ге өсіп отыр. Биыл сондай-ақ ел аумағында жүру уақытының мерзімі қысқартылғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 3 есе ұлғайды», дейді полиция подполковнигі М. Кезембаев. Оның айтуынша, биыл көші-қон заңын бұзған 2975 адамның 1072-сін Өзбекстан азаматтары құрап отыр. Елімізде заңсыз жұмыс жұмыс күшін пайдалану негізінен құрылыста, базарларда, дәмханалар мен көлік жөндеу бекеттерінде, көлік жуу орындарында және тағы басқа да орындарда тіркелген. Қолданыстағы заңда оларды жұмысқа алған жеке тұлғаларға 20-дан 50-ге дейін, ал ұйымдарға 300-ден 500-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Жалпы ҚР Қылмыстық кодексінің 30-шы бабы бойынша заңсыз пайдаланылған шетелдік жұмыс күшін елден шығару туралы сот шешімін орындамағаны үшін жұмыс берушілердің үстінен былтыр Алматыда 24 қылмыстық іс қозғалған болатын.