01:24, 27 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Алматыда шағын Жылу электр орталығы іске қосылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әкімдігінде қаладағы жылумен қамтамасыз ету жүйесін жаңарту бойынша әзірленген жоба, дәлірек газпоршенді қондырғы орнату және шағын Жылу электр орталығын салу жоспары мақұлданды. Бұл жоба Еуропа қайта құру және даму банкі тарапынан қаржыландырылатын болады.

Сонымен, жоба аясында алдағы уақытта 3 қазандыққа газпоршенді қондырғы сатып алып орнату және 15 шағын қазандықтан тұратын мини Жылу электр орталығын салу жоспарланып отыр.
Бұл қондырғылар жылу қуатын ғана емес, электр қуатын да өндіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл жаңа енгізілім электр қуатын өндіруге кететін шығынды азайтып, қазандықтардағы су жылытатын қазандардың жұмысын тоқтатуға мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде Алматының ауасына таралатын зиянды қалдықтарды едәуір азайтады. Осылайша, бұл жобаны жүзеге асыру қаланың экологиялық жағдайын жақсарта түседі.