Алматыда Шәмші әндерінің концерті өтеді

«Менің Қазақстаным» әні 2005 жылы мемлекеттік әнұранға айналған әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылында өмірге келіп, 1992 жылы 19 ақпанда Алматыда дүниеден озған болатын. 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде сазгер 300-ге жуық музыкалық туындыны өмірге әкелді. Жұртшылық арасында «Бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атанған өнер саңлағының өмірге келгеніне биыл 81 жыл толды. Ерен еңбегі үшін Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстанның халық әртісі Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының құрметті азаматы атанған өнер саңлағы қазіргі заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі. 1992 жылдан бері сазгерлер мен әншілер үшін оның атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатыр.