Алматыда шенеуніктерге ҚР мемлекеттік қызметінің жаңа моделі түсіндірілді

«Бұл шара қаламыздағы мемлекеттік қызметкерлерге арналып отыр. Мақсат - оларға қазіргі таңда Парламент Сенатының қарауында жатқан «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасымен жан-жақты таныстыру және оның ерекшеліктерін түсіндіру. Оған көп өзгерістер енгізілді. Мысалы, енді әскер қатарына шақырылған мемлекеттік қызметкердің жұмыс орны ол қайтып келгенше сақталатын болады. Егер қазіргі ағымдағы заңда 30 бап болатын болса, жаңа жобада 72 бап бар. Яғни, өзгерістер көп», - деді Алматы қалалық Тәртіптік Кеңестің төрағасы Бақтияр Камалов.
Ол сонымен қатар, жаңа заң енгізілген соң мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейінің жоғарылайтындығын және басшылық қызметтерде лайықты адамдардың істеуі керектігін көздейтін меритократия үдерісінің тиімді бола түсетіндігін жеткізді.
«Біз Сингапур, Канада, Австрия секілді елдердің тәжірибелерін зерттедік. Бірақ біз өзімізге қажеттілерін ғана алып, өз бағытымызбен жүретін боламыз», - деді Б. Камалов.
Еуропалық одақ жобасының бас сарапшысы Максимилиан Фодингер мемлекеттік қызметті реформалау аясында мемлекеттік қызметкерлерді іріктеп, басшылық қызметтерге тағайындау бойынша халықаралық тәжірибелер жайында әңгімеледі.
Ал семинардың екінші сессиясында «Е-қызмет» ақпараттық жүйесін енгізудің қыр-сыры жайлы айтылды. Бұл жүйе мемлекеттік қызметкерлер туралы кадрлық ақпараттарды онлайн режімінде толыққанды алуға және байқаулық іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетелік, бүгінгі шараға қаладағы аудан әкімдері, жергілікті атқарушы органдардың және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығының оқытушылық құрамы қатысты.
Бұл семинарға Еуроодақтың «Реформа және Қазақстан Үкіметінің мемлекеттік қызметін жаңғырту» жобасы тарапынан қолдау көрсетілді.