Алматыда шетелдік нөмірі бар көліктерді тіркеуге қатысты сұрақтар бойынша call-орталығы құрылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда қаланың әкімшілік полициясының жанында ЕАЭО елдерінен алып келген көлік құралдарын тіркеуге қатысты сұрақтар бойынша call-орталық құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сall-орталығының телефоны – 8-747-080-01-56. Ол қала тұрғындарымен байланыс үшін, соның ішінде ЕАЭО елдерінен әкелінген көлік құралдарын тіркеуге қатысты сұрақтар бойынша жұмыс істейді. Бұл жағдай Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі 2020 жыл 1 ақпандағы жағдай бойынша ЕАЭО елдерінен Қазақстан азаматтары жеке пайдалануы үшін алып келген автокөліктерді уақытша тіркеудің кезең-кезең алгоритмі туралы жариялаған болатын. Бұл автокөліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жүзеге асады», - дейді Әкімшілік полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Жандос Мұраталиев.
Сонымен қатар, Полиция департаменті call-орталық жұмыс күндері 09:00-19:00 аралығында қоңырау қабылдайтынын айтты. Келіп түскен сұрақтарға білікті мамандар жауап береді.
«Бүгін еліміздегі барлық қаладағы автоХҚО-да жоғарыда атап өткен сұрақтар бойынша азаматтар қабылдануда. Біздің бөлімше қызметкерлері құқықтық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Қазір мен «Саялы» ықшамауданындағы Аққайнар көшесі, 1-үй мекенжайында орналасқан арнайы ХҚО-дамын. Таңғы сағат тоғыздан түскі уақытқа дейін 50 азаматқа кеңес берілді», - дейді ол.