Алматыда шомылу маусымы басталғанша 6 мың бала суда жүзуді үйренеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Есбол Сұлтанов суға түсуге рұқсат етілетін орындар жайлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

«Алматыда суға түсуге тек 4 орында рұқсат етілген. Олар: «Сайран» көлінің батыс және шығыс бөліктері, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының бойындағы «Гүлдер» демалыс аймағы және «Баум» тоғайы. Қаланың басқа су айдындары мен таулы өзендеріне, мысалы, Есентай, Үлкен және Кіші Алматы өзендеріне шомылуға тыйым салынады», - деді спикер.

Оның айтуынша, өткен жылы суға батып жатқан 17 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды.

«Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында департамент мамыр айына арналған бірлескен рейдтердің жоспар-кестесін бекітті. Рейд барысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін бұзушылар жауапқа тартылады. Мысалы, өткен жылы 63 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 790 мың теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ суға батып жатқан 17 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылған болатын«, - деді ТЖД аға офицері.

Е.Сұлтанов қаладағы 56 бассейнде балалар суда жүзуге үйренетінін айтты.

«Онда балалар 3 ай бойы суда жүзуге үйренеді. Сонымен бірге қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 6 бассейнінде оқыту жүреді. Жалпы, суға түсу маусымы басталғанға дейін 6 мың бала суда жүзуді меңгереді. Бұл профилактикалық жұмыстың нәтижесінде балаларда суда өзін еркін ұстау дағдысы қалыптасады», - деді Есбол Сұлтанов.

Ол сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, тыйым салынған жерлерде суға түспеуге шақырды.


Соңғы жаңалықтар