Алматыда ШЫҰ-ның қазіргі қауіп-қатерлерге қарсы әрекетінің тәжірибесіне арналған конференция өтеді
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.
«Конференция 2011 жылғы 15 маусымда Астанада өтетін ШЫҰ құрылуының 10 жылдығына арналған мерейтойлық саммитке дайындықтың маңызды іс-шараларының бірі болып табылады»,-деді ресми өкіл.
Атап айтқанда, алдағы бас қосу барысында аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұйымның ұлғаюының келешегі, есірткі тасымалы және басқа да қазіргі заманға тән қауіп-қатерлерге қарсы күрес ұйым кеңістігіндегі техногендік, сондай-ақ табиғи апаттардың алдын алу және еңсеру сияқты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасулар жоспарлануда. Талқылауға ұсынған тақырыптардың маңыздылығын ескере отырып, конференцияға ШЫҰ мүше мемлекеттер, бақылаушы елдер, Ауғанстан мен Түрікменстанның жетекші ғылыми- зерттеу орталықтарының өкілдері шақырылды.
«Іс-шара нәтижесі бойынша саммиттің қорытынды құжаттарына ұйым аясындағы өзара әрекеттестіктің болашағына байланысты ұсыныстарды әзірлеу көзделген»,-деді А. Әбдірахманов.