Алматыда соңғы 5 жыл ішінде аймақтық жалпы өнім екі есеге дейін өсті - А. Есімов
Қала әкімінің айтуынша, бұл салада шағын және орта бизнестің ролі өте зор. Өйткені қалада бұл салада 380 мың адам жұмыс істейді. Қала бюджетіне түсетін төлемдердің 60 пайызы осы шағын және орта бизнеске тиесілі.
Ахметжан Есімов қалалық кәсіпкерлер палатасының жұмысына оң баға бере келіп, кәсіпкерлерді Еуразиялық экономкалық одақ аясында барынша белсенді болуға шақырды. Бұл жерде қала әкімі осыдан бірнеше жыл бұрын қаладағы Алатау ауданында қолға алынған Индустриялдық аймақ жобасына айрықша тоқталды:
«Бұл - үлкен жоба. Тек қана инженерлік-транспорттық инфрақұрылымдарды салуға кететін бюджеттік қаржының көлемі 25 млрд. теңгені құрап отыр. Біз әзірше 23 жобаны іріктеп алдық. 80 млрд. теңгеге 4000-нан астам жұмыс орны ашылды. Бұл аймақта заманауи өндірістер іске қосылады. Оларда тек елімізде ғана емес, шетелдерде де сұранысқа ие өнімдер шығарылатын болады. Аймақтың бүкіл аумағы 490 гектарды алып жатыр. 119 гектары қолданысқа беріліп те қойды. Инфрақұрылымдар құрылған сайын, жаңа жобалар да іріктеліп алынатын болады. Бұған кәсіпкерлер белсене қатысады дегер үміттемін», - деді Ахметжан Есімов.