Алматыда соңғы 9 ай ішінде некеге тұру 3,8 пайызға артты

Сонымен қатар Алматы қаласында 2014 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында аудандық хал актілерін тіркеу бөлімдері 22,3 мың жаңа туған нәрестені тіркеген. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 21,6 мың жаңа туған нәресте тіркелген болатын.
«Сондай-ақ осы кезең ішінде қайтыс болғандар саны 8,2 мың адамды құрады. Олардың 205-і - нәрестелер. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 және 10,5 пайызға кем», - делінген хабарламада.
Ал халықтың табиғи өсімі 14,1 мың адамды құрап отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 6,4 пайызға артық.
Хабарламада атып өтілгендей, халықтың 2014 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы табиғи өсімінің коэффициенті (1000 тұрғынға шаққанда) 12,4 адамды құраған. Ал бала туу көрсеткіші 19,6 жаңа туған нәрестені, өлім-жітім - 7,2 қайтыс болған адамды, ал нәрестенің шетінеуі жаңа туған 1000 нәрестеге шаққанда 9,2 шетінеген нәрестені құрады. 2014 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында аудандық хал актілерін тіркеу бөлімдері 13 092 некені және 4386 ажырасуды тіркеген. Сонымен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда некелесу 3,8 пайызға, ал ажырасу 0,4 пайызға өскен. Ал некелесу коэффициенті (1000 тұрғынға шаққанда) 11,5 некені, ал ажырасу коэффициенті 3,8 ажырасуды құраған.