Алматыда «Спорт - қарым-қатынас құралы» атты көрме ашылды

Алматыдағы Герман Федеративтік Республикасы консулдығы ұйымдастыруымен ашылған көрмеге дамушы елдердің және әскери қақтығыстар болып жатқан елдердегі бұқаралық спорт түрлерінің қалай дамып жатқандығынан хабардар ететін ГФР Сыртқы Істер иинистрлігінің халықаралық спортты қолдау бөлімінің түрлі жобалары ұсынылған.
Көрменің ашылу салтанатында Алматыдағы Герман Федеративтік Республикасының бас консулы Герольд Амелунг: «Спорт әлемдегі бүкіл адамдар үшін ортақ тіл болып табылады. Ол халықтардың тіл табысуына, өмірге деген құштарлықты оятуға, ынтымақтастық пен адалдыққа үндейді», - деп атап өтті.
Шара барысында Бас консул Герольд Амелунг қазақстанның «Special Olympics» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоғамдық спорт бірлестігіне спорттық құрал-жабдықтарды алуға демеушілік көмек көрсетті. Сондай-ақ, футболдан қазақстандық жаттықтырушы Андрей Ферапонтовқа Неміс футбол одағында жаттықтырушы курсын сәтті аяқтағаны туралы сертификатты салтанатты түрде табыстады.
Көрме жұмысы желтоқсанның 23-не дейін жалғасады.