Алматыда студенттер арасында өтетін Әлем біріншілігіне 15 елден 100-ден астам спортшы қатысады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 18 желтоқсан күні «Медеу» спорт кешенінің мұз айдынында студенттер арасында коньки тебу спорты бойынша II әлем чемпионаты басталады. Төрт күнге созылатын жарыс барысында 500, 1000, 1500, 3000, 5000, 10000 метрлік қашықтықтарда, сонымен қатар командалық өкшелей қуалау мен масс-старт жарысы болады.
None
None

Бұл туралы «2017 жылғы бүкіләлемдік XXVIII қысқы Универсиаданың ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» мемлекеттік қорының баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақстанның құрама командасы 19 адамнан тұрады. Ерлер командасының қатарына Федор Мезенцев, Максим Баклашкин және Дарсиль Эссамамбо енді. Ал әйелдер командасының көшбасшылары - Елена Урванцева мен Татьяна Сокирко. Қазіргі таңда құрама команда «Медеу» мұз айдынында дайындық жаттығуларын өткізуде. Әлем біріншілігіне қатысуға әлемдегі ең мықты командалардың бірі - Нидерланд құрамасы да ниет білдірді. Сонымен қатар чемпионатқа Норвегия, Италия, Польша, Эстония, Беларусь, Ресей, Қырғызстан және Моңғолия құрама командалары да қатысады.

Өткен аптада Швеция мен қытайлық Тайбэй де қатысатындықтарын растаған. Барлығы әлемдік додаға 15 елден 100-ден аса спортшы келеді деп күтілуде. Олардың ішінде әлем біріншіліктері мен 2013 жылы Италияның Трентино қаласында өткен 26-шы бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жүлдегерлері де бар.

Спортшылардың ресми жаттығуы 17 желтоқсан күні, ал 18 желтоқсан күні таңғы сағат 10.00-де жарыс басталады. Сөреге алдымен ерлер командасы, кейін әйелдер командалары шығады. Чемпионаттың алғашқы күні салтанатты шоу-бағдарламалармен аяқталады. Сонымен қатар ниет білдірушілер кешке мұз айдынында тегін коньки тебе алады.

Соңғы жаңалықтар