Алматыда студенттік қайырымдылық жәрмеңкесі өтті (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының лейкоз дертіне шалдыққан 4 жасар тұрғыны Бисұлтан Бердібайға көмектесу мақсатында бүгін Алматыда Халықаралық сервис және менеджмент колледжінің студенттері қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. Оған жастар өз қолдарымен жасаған түрлі үй тағамдары мен қолөнер бұйымдарын қойды.
None
None

«Бұл атаулы нақты көмекті біз, 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бірінші рет өткізіп отырмыз. Біздің бір студентіміздің анасының әріптесінің 4 жастағы Бисұлтан есімді ұлы лейкоз дертіне шалдыққан екен. Оны естіген студенттер мен оқытушыларымыз өз еріктерімен оған қолдарынан келгенінше көмектесуді ұйғарды. Бір апта бойы дайындалған жастарымыз бүгін колледж алдындағы аулаға қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Оған жалпы бағасы 60 мың теңгедей болатын өздері әзірлеген тағамдарды, сусындарды және қолөнер бұйымдарын қойды. Түскен қаржы Бисұлтанды емдеуге жұмсалады», - деді өз сөзінде аталмыш колледждің директоры Жандос Мақашев. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, «ауыр лифобластық лейкоз» деген қауіпті диагноз қойылған Бисұлтанға Оңтүстік Кореяда ота жасауға 175 мың еуро керек екен. Колледж алдындағы тротуармен әрі-бері өткен қала тұрғындары бір сәт аялдап, жастардан жәрмеңке жайында сұрап жатты. Көбісі жағдайға қаныққан соң, қандай да бір тауар сатып алып, студенттердің ризашылығына бөленді. Айта кетелік, кеше колледж студенттерінің күшімен қалалық футбол турнирі ұйымдастырылған болатын. Оған қатысқан 4 студенттік команда жарна ретінде 17 мың теңгеден төледі. Жеңімпаз команда жеңіп алған ақшалай жүлдесінің жартысын Бисұлтанның Жинақ банкіндегі шотына салды. Бисұлтанның QIWI әмияны: +7 705 210 08 08

Соңғы жаңалықтар