Алматыда студенттік жастар фестивалінің «Мен жастарға сенемін!» атты гала-форумы өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттік жастар фестивалінің «Мен жастарға сенемін!» атты гала-форумы өтті.
None
None

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль студент жастардың Қазақстанның болашағына деген патриоттық сезімі мен азаматтық жауапкершілігін, әлеуметтік белсенділігі мен рухын арттыруға бағытталған.

«Биыл фестиваль үшінші рет өткізіліп отыр. Бұл шара студенттік ортада үлкен қызығушылық туғызуда, сондықтан танымал бола түсуде. Бізге бүкіл елден 630-дан астам жұмыстар ұсынылды. Олардың ішінен 200 үздік автор таңдап алынып, осы гала-форумға шақырылды. Бүгінгі форум қатысушылардың шығармашылық қызметіне тың серпін береді деген сенімдемін», - деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева.

Айта кетелік, «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты студенттік инновациялық әлеуметтік маңызы зор жобалар байқауы, «Мен елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты үздік студенттік эссе, «Мен жастарға сенемін!» тақырыбындағы студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар және «Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық ән байқауы бойынша студенттік жұмыстар фестивальдің алғашқы кезеңінде бір ай көлемінде қабылданған болатын.

Форумға қатысушылар тақырыптық пленарлық және шығармашылық секциялардың жұмысына қатысты. Бүгін кешке Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтетін гала-форумның салтанатты жабылу рәсімінде қазылар алқасы жеңімпаздарды дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапаттайды.

Фестивальдің ең басты сыйлығы - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты.

Соңғы жаңалықтар