Алматыда суды тұтыну көлеміне байланысты 3 деңгейлі сараланған тариф енгізіледі

ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің қалалық департаментінің директоры Дәурен Жандарбек бүгін Алматы өткізген баспасөз мәслихатында осылай айтты.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес суға енді тарифтің жаңа механизмін енгізу қарастырылып отыр. Алматыда жаңа тарифтер 1 ақпаннан бастап енгізілетін болады. Олар тұтынушының тұтыну көлеміне байланысты сараланды. Онда айына бір адамға 3 деңгейлі тариф қарастырылып отыр. Қосымша құн салығынсыз біріншісі - 1,7 текше метрге дейін 25,07 теңге, екіншісі 1,7-ден 3,8 текше метрге дейін 46,29 теңге, үшіншісі 3,8 текше метрден көп тұтынғаны үшін 128 теңгені құрайды», - дейді Д.Жандарбек. Оның айтуынша, 2008 жылы алғаш рет Алматыда тұтыну топтарына байланысты сараланған тарифтер енгізілген болатын. Ол өте жақсы нәтиже көрсетті. Құзырлы мекеме өзінің апаттарын 3-тен 1-ге кемітті. Сондай-ақ ысыраптарын да сондай көлемде азайтты. Ал тұтынушыллар тарапынан суды тұтыну 15 пайызға төмендеді. Талдауға қарағанда суды тұтынуды үнемдеу көбінесе заңды тұлғалардың, мекемелердің тарапынан көрініп отыр. Ал қарапаймы тұрғындардың арасында ол байқалмайды.