Алматыда тағы 17 сейсмикалық станция орнатылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Алматы қаласында 17 сейсмикалық станция орнату жоспарланған. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда тағы 17 сейсмикалық станция орнатылады

«Азаматтық қорғау жүйесін сейсмикалық қауіпті өңірлердегі жойқын жер сілкіністеріне дайындау мақсатында «Қазақстан Республикасының 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені» жол картасы бекітілді. Жол картасын іске асыру аясында мүдделі мемлекеттік органдар: облыстар аумағын егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру карталарының жиынтығын әзірлеу; бақылау станцияларын құру арқылы сейсмологиялық бақылау жүйелерін дамыту; жер сілкінісі туралы ерте құлақтандырудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу; жер сілкінісі туындаған жағдайда материалдық ресурстар мен қаржылық резерв құру; халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және персоналды, өндірістік, жарылыс-өрт қауіпті объектілердің қызметкерлерін оқыту және басқалары қолға алынды», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуіншше, 2021 жылы Шығыс Қазақстан облысы үшін 10 сейсмикалық станция сатып алынған.

2022 жылы бақылау станцияларының желісін кеңейту мақсатында Алматы (5 үздіксіз тіркеу станциясы) және Шығыс Қазақстан облыстарында (3 күшті қозғалыс станциясы) 8 сейсмикалық станция орнатылды.

«Сондай-ақ 2022 жылы Алматы қаласында 11 станция орнату үшін жергілікті бюджеттен 547 млн теңге бөлінді. Ал 2023 жылға тағы 17 станция орнату жоспарланған», - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр дерегінше, «Орталық Азияда және Кавказдағы сейсмикалық желіні кеңейту» халықаралық ғылыми-техникалық орталығының жобасы аясында 2022 жылы 5 жаңа сейсмикалық станция (Түркістан облысы Жетісай қаласында, БҚО Федоровка ауылында, Атырау облысы Индербор ауылында, Ақтөбе облысы Алға ауылында, Қызылорда облысы Ақсуат ауылында) пайдалануға берілді және жұмыс істеп тұрған 10 станцияның жабдықтары (Шымкент қаласында, Абай облысы Семей қаласында, Жетісу облысы Талдықорған қаласында облыстар, ШҚО Зайсан қаласы, Қарағанды облысының Березняки ауылы, Алматы облысының Талғар және Шалқоде ауылдары, Жамбыл облысының Тараз және Байтал ауылдары, Түркістан облысының Жабағылы ауылдары) жаңарды.

Сонымен қатар сейсмикалық жабдықтардың бір жиынтығын 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ушанов ауылында орнату жоспарланып отыр.


Фото: media.realitatea.net