Алматыда тағы бір алаяқтың ісі әшкереленді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда тұрғындарға мемлекеттік бағдарлама бойынша кезексіз баспана алып беруді ұсынған 28 жастағы алаяқ ұсталды.

Алматыда тағы бір алаяқтың ісі әшкереленді

Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Алматы қаласы Наурызбай аудандық Ішкі істер басқармасының хабарлауынша, бұл азамат Халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдында жүріп, тұрғындарға белгілі бір сыйақыға мемлекеттік бағдарлама бойынша кезексіз баспана алып беруге көмектесе алатындығын айтып, ұсыныс білдірген.

«Алматы қаласының тұрғыны, 1988 жылы туған Тимур Алишев өзін әкімдіктің қызметкері ретінде таныстырып, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана кезегінде тұрған азаматтарға пәтерлерін қысқа мерзімде алып беруге көмектесе алатындығын айтып, бұл үшін белгілі бір мөлшерде ақша сұрайтын болған.

Әрине ол өз уәделерін орындамаған. Телефон нөмірлерін жиі ауыстырып, «клиенттерінен» бой тасалап жүрген. Жәбірленушілердің айтуынша, Алишев 22 мың АҚШ долларын қалтаға басқан. Бұл әрекет ҚР ҚК 190-шы бабының 3-ші тармағы бойынша (сенімді теріс мақсатта пайдалану, алдау жолымен ірі көлемде мүлік ұрлау) ауыр қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастырылады. Қазір күдікті тұтқынға алынды. Енді оның басқа да қылмыстарға қатысы бары-жоғы анықталады», - деді Наурызбай аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Мұхит Шайхин.

Осыған байланысты полиция бөлімі Тимур Алишевтің әрекетінен зардап шеккен азаматтар бар болса, мына телефон нөмірлеріне хабарласуларын сұрайды: 254-44-62; 254-44-64 немесе 102.