Алматыда теңіз академиясының бірегей оқу-жаттығу кешені салынып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Медеу ауданында орналасқан «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында болып, жүргізіліп жатқан екінші кезектегі құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінгі таңда игерілуге тиіс 140,3 гектар аумақта инженерлік желілердің 70 пайызы салынған және 9,04 млрд. теңге игерілді. Биыл 4,45 млрд. теңгеге инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, қала басшысы мұнайгаз, геология және геофизика саласына кадрлар даярлауға арналған оқу-жаттығу орталығының құрылыс алаңында болды. 

Бір гектер жерді алып жатқан аумаққа салынатын құрылыстың ауданы - 912,3 шаршы метрді құрайды. Жобаның бағасы  - 400 млн. теңге.   

Drill Sim - Орта Азия мен Еуропа елдері үшін бірегей оқу-жаттығу кешені болып табылады. Бүгінгі таңда осындай кешен тек АҚШ-тың Техас штатында ғана бар.    

Бұл оқу кешені ұңғымаларды бұрғылау, жөндеу және апат болған кезде орын алатын шынайы үдерістерді ұқсатуға арналған. Сондай-ақ, мұнда бұрғылау бригадасы және жеке құрамның өзара психологиялық тұрғыда үйлесімділігі зерттеледі.    

Алматыда осы орталық құрылған соң, оған Азия, Еуропа және ТМД елдерінен шақыртылатын мамандар қазақстандық студенттерге дәріс беретін болады.  

«Егер бүгінгі таңда біз 20 адамды ғана оқыта алатын болсақ, Drill Sim кешені арқылы 100 адамға дейін оқыта аламыз. Мына симуляторда біз бұрғылауға қатысты барлық үдерістерді, олардың ішінде барлау, геологиялық барлау үдерістерін зерттейміз. Бүгінде Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялардың барлығы өз қызметкерлерін оқыту үшін оларды шет елдерге жіберуге мәжбүр болып жатыр. Ал кешен дайын болған соң, мамандар осында даярланады. Студенттердің барлығы дерлік жұмыспен қамтылады», - деді өз сөзінде «Қазақ-Британ техникалық университетінің мұнайгаз инжиниринг және ақпараттық технология институты» ЖШС бас директоры Жанат Хасенов.  

Бұдан басқа, қала әкіміне болашақ отандық теңіз академиясының жобасы таныстырылды. Бүгінгі таңда ҚБТУ жанында осы сала бойынша жылына 25 студент қабылданады. Соңғы 4 жыл ішінде 85 кадет даярланды. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап, кеме жүргізушісі және кеме инженері мамандығы бойынша алғашқы түлектер шығарылады. Олардың 90-95 пайызы жұмыспен қамтылады.

Ж. Хасеновтың айтуынша, биылдан бастап, теңіз академиясының түлектері осы салада қызмет атқарып жүрген шет елдік мамандардың орнына қабылдана бастайды.        

Айта кетелік, қазіргі таңда «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында 153 компания тіркелген.

Парктің жалпы аумағы - 163 гектар. Оның ішінде бірінші кезектегі құрылыс жұмыстары барысында 22,6 гектар игерілген. 

Соңғы жаңалықтар