Алматыда терезе жуып жатқан альпинист биіктен құлап көз жұмды
АЛМАТЫ. ҚазАқпара - Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің терезесін жуып жатқан 27 жастағы өндірістік альпинист биіктен құлап көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қайғылы жағдай Алматы қаласының Бостандық ауданында болды.
Қалалық полиция альпинистің оқиға орнында қаза тапқанын растады.
«1995 жылы туған азамат биіктен құлап кетті. Ол оқиға орнында қаза тапты. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Мән-жай анықталып жатыр. Бұл факті Бостандық аудандық полиция бөлімінде тіркелді», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, былтыр қараша айында «Жетісу» шағынауданында көпқабатты үйлердің бірінің терезесінен 28 жастағы әйел мен оның 2015, 2016 және 2019 жылы туған үш кішкентай баласы 9-қабаттың терезесінен секіріп кеткен еді.
Әйел мен екі баласы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір бала жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.