Алматыда үш баласымен бірге суицид жасаған әйелдің өлім алдындағы хаты табылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тоғызыншы қабаттан балаларымен секіріп мерт болған әйел өлер алдында хат жазып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда үш баласымен бірге суицид жасаған әйелдің өлім алдындағы хаты табылды

Алматы қалалық полиция департаменті тергеудің осы кезеңінде үш баласымен 9-қабаттан секіріп кеткен әйелдің әрекетінің алдын ала себебі анықталғанын хабарлады.

«Бұл отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас негізінде жұбайымен арада болған жанжал. Өлер алдында хат жазып қалдырған. Басқа мән-жайлар анықталуда. Іс ҚР ҚК-нің 105 бабына сәйкес тергелуде. Тергеу-жедел тобы құрылды»,-деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Куәгерлердің айтуынша, жас ана алдымен балаларды терезеден лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен.

Еске салайық , бүгін «Жетісу» шағынауданында көпқабатты үйлердің бірінің терезесінен 28 жастағы әйел мен оның 2015, 2016 және 2019 жылы туған үш кішкентай баласы 9-қабаттың терезесінен секіріп кетті. Әйел мен екі баласы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір бала жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.