17:50, 29 Тамыз 2014 | GMT +5
Алматыда терминалды тонаған адам ұсталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Алмалы аудандық патрульдық полиция қызметкерлері терминалды тонаған жігітті қолға түсірді. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек айтты.

«Құрманғазы көшесінің бойындағы ғимараттардың бірінен шығып келе жатқан екі ер адам полицейлердің күдігін туғызған. Қоғамдық тәртіп сақшыларының жақындағанын көріп, олар қаша жөнелген. Кейін белгілі болғандай, бұл екеуі дүкен алдындағы терминалды бұзып, ішіндегі ақшаны жымқырған. Қашқындардың бірі ұсталса, екіншісі сытылып кетті. Қазір келтірілген шығынның қанша екендігі белгісіз. Ақша қара үзіп кеткен азаматта кетті», - деді С.Әзірбек.
Қазір аталған дерекке байланысты ұсталған күдіктілерге қарсы ҚР ҚК 175 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау оқшаулағышына қамалса, екіншісінің кім екендігі анықталды.
Полиция қазір оны іздестіруде.