Алматыда төтенше жағдай салдарын жоюға 2000-нан астам адам жұмылдырылды (ФОТО)
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің оперативті штабы тасқыннан зардап шеккен аудандардың тұрғындарынан өтініштер қабылдап, жалпы үйлестіру, басшылыққа алу жұмыстарын жүргізуде. Республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары Домалақ ана көшесі бойындағы апатты ағаштардан төнетін қауіпті жойып жатыр. «Қазселқорғау» ММ қызметкерлері селден қорғау бөгеті аумағын тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Қазавиақұтқару» (2 тікұшақ) АҚ авиациясының және Алматы қаласының Құтқару қызметінің (1 тікұшақ) кезекшіліктері ұйымдастырылған.
Алматы қаласының құтқару қызметтері өзен арнасын тазарту жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Наурызбай ауданының 11 мердігерлік ұйымы 10 көшені: Надыров, Қонаев, Гроза, Ақсай, Кәрібай ақын, Тәжиев, Сәтбаев, Розыбакиев көшелері мен Ардагер, Қарғалы ауылдық округтерін тазартып жатыр.
Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімшелерінің күштері Қарағайлы, Чапай кенттерінің көшелерін, №192 орта мектеп маңын тазарту жұмыстарын жүргізуде. Ал ҚР Ұлттық ұлан күштері №187 және 188 мектептерінің маңын тазартуда.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының атынан келіп жеткен еріктілер Қарғалы өзенінің арнасы және №192 мектеп маңында жұмыстар атқаруда. Көмекке Еуразиялық банк пен Қызыл жарты ай қоғамының қызметкерлері де келіп жетті. Олар көмек сұраған тұрғындарға қолұшын созды.
Апаттық медицина орталығының және «103» қызметінің медициналық бекеттері кезекшіліктерін жалғастырып жатыр. Сауда және тамақтандыру қызметтері 5 стационарлық және жылжымалы тамақтандыру пункттерінде ашылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен зарарсыздандыру жүргізу үшін 8 жылжымалы құрам бригадасы дайындалды.
Алматы қаласының ІІд-інің күшімен жаяу патруль мен жол қозғалысын реттеу ұйымдастырылды. Автомобиль жолдары басқармасы жол төсемін тазартып жатыр.
Төтенше жағдай орын алған аумақта барлығы 2111 адам, 175 техника, 3 тікұшақ жұмылдырылды.