Алматыда тозығы жеткен 2 мың шақырымға жуық су құбыры желісін ауыстыру қажет

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда тозығы жеткен су құбырлары тұтынушыларға суды дұрыс жеткізбейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Алматы су» кәсіпорнының бас директоры Ілияс Қазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Спикердің мәліметінше, қаланың жедел қызметтері жоспарлы жұмыстардың орнына күнделікті қазу жұмыстарын жүргізуге, сумен жабдықтау желілеріндегі апаттар мен ақауларды жоюға, содан кейін асфальттау мен абаттандыру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Кәріз желілеріндегі жағдай да күрделі.

«Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша су құбыры желілерінің тозуы – 54,2% құрайды, яғни, 1943 шақырым су құбыры желісін ауыстыру қажет. Кәріз желілерінің 56,6%-ы тозған, яғни, 1000 шақырымнан астамын реконструкциялау қажет. Атап айтқанда, Талғар су құбырларының барлық желілерін, қала ішіндегі магистральдық су құбырларын (Рысқұлов, Мыңбаев және т.б.) кезең-кезеңімен ауыстыру қажет, Загородный және Бурундай ірі кәріз коллекторларының тозығы жеткен. Тозу қарқынын төмендету үшін жыл сайын кемінде 104 шақырым су құбыры желілерін және 73 км су бұру желілерін реконструкциялау қажет, ал қолданыстағы инвестициялық бағдарлама жылына небәрі 20-25 шақырым құбырды қайта жаңартуға мүмкіндік береді», - деді Ілияс Қазиев.

Бүгінгі таңда инженерлік желілердің тозу көрсеткішін бір қалыпта ұстап тұру тек жаңа желілерді салу есебінен ғана сақталып тұр. Кәсіпорынның жөндеу қоры толығымен су және кәріз тарифтерінің деңгейіне байланысты, қаладағы олардың бағасы республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі болып қалуда.

Спикердің мәліметінше, «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» аясында желілер мен жабдықтардың тозу дәрежесін төмендету мақсатында биыл жаңа тарифтік саясат құрылмақ.

«Инвестициялардың орнына тарифтер» қағидаты бойынша тарифтерді енгізу - инженерлік желілерді ұстауға және ауыстыруға көбірек қаражат жинақтауға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Көрсетілген қызметтер үшін ақы алудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында есепке алу жүйесін автоматтандыру, «Алматы – Март Сити» тұжырымдамасы аясында негізгі коммуналдық кәсіпорындардың барлық есепке алу құрылғыларына датчиктер орнату қарастырылады», - деді І.Қазиев.

Сондай-ақ профилактикалық жөндеу, қашықтықтан диагностикалау және энергия тиімділігін арттыру үшін заттар интернеті әдістемесі енгізіледі.

Бұдан бөлек, тұрғындарды су ресурстарын үнемді пайдалануға ынталандыру үшін биыл су есептегіштерін орнатпаған тұтынушылар үшін жаңартылған су тұтыну нормаларын енгізу жоспарлануда.

«Орталықтандырылған су құбырына қосылуға қолы жетпей жүрген тұрғындарды сумен қамтамасыз ету мақсатында алдағы жылдары Қарғалы, Ақсай, Ерменсай және Барлық өзендерінде су тарту құрылыстары іске қосылып, он елді мекенде 280 шақырым су құбыры желісі салынады. Бұл 232 мың тұрғынды сумен қамтуға және қаланы орталықтандырылған сумен қамтуға 100% қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді спикер.

Ілияс Қазиев брифинг барысында сондай-ақ өткен жылы қалада сумен жабдықтау, кәріз жүйесін жаңғырту, дамыту жұмыстары жүргізілгенін айтты.


Соңғы жаңалықтар