Алматыда трамвай жолаушыларын апаттан құтқарған ауғандық студент: Адамдарды құтқару - менің борышым

Үстіміздегі жылы 13-ші қазанда трамвайдың қатысуымен болған жол-көлік апаты барысында ол трамвайды тоқтатып, ондағы жолаушыларды жан түршігерлік қайғылы апаттан құтқарып қалған болатын. Бұл туралы Башараттың ата-анасына оның достары хабарлапты.
«Ата-анам менің бұл әрекетіме риза болысты. Бірақ таңғалған жоқ. Өйткені олар менің бауырмал екенімді жақсы біледі», - деп күле жауап берді Башарат.
Башарат жатақханада тұрады. Достары көп. Қазақстанда тамаша жағдайда білім алып жатқанына күн сайын Аллаға шүкіршілік етеді.
«Мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа салиқалы саясат жүргізіп, ұлтаралық татулықты нығайтып, елді жарқын болашаққа бастап келе жатқаны үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Мен күн сайын күліп оянамын, жергілікті тұрғындардың жарқын жүзіне, әсем тауларға қарап, қуанамын. Менің достарым көп. Олардың ішінде қазақтар да, орыстар да, украиндықтар, татарлар да бар. Ешқайсысын бөліп-жарып қарамаймын. Менің ұлтым - түркімен. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жақсы білемін. Мен Қазақстанда жүріп, басқаша өмір сүруге болатындығын түсіндім», - деді Башарат.
Қазір ол өз тобымен бірге облыстық клиникалық ауруханада дәріс алып жүр. Көп ұзамай үш айлық практика басталады. Ол оны өзінің отаны - Ауғанстанда өткізгісі келеді. Сәйкесінше, болашақ оташы қызметін туған жерінде жалғастырғанды қалайды.
«Менің азаматтық борышым және жұмысым - ол адамдарды құтқару. Өйткені мен дәрігермін ғой. Мен бала кезімнен адамдарға көмек көрсетуді армандап өстім. Әрине, адамдардың ауырмағанын қалаймын. Енді, оқуымды аяқтаған соң туған жерге барып мамандығым бойынша қызмет атқарамын», - деді ол.