Алматыда тұңғыш рет «Еуразия территориясындағы көшпенділер мәдениеті» деген тақырыпта конференция болып өтті

МАТЫ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Тұңғыш Президенті қорында Алматы технологиялық университетінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет «Еуразия территориясындағы көшпенділер мәдениеті» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
None
None

Оның жұмысына өз елімізбен қатар, алыс-жақын шетелдерден келген танымал ғалымдар, тарихшылар, археологтар, мәдениеттанушылар мен дизайнерлер, сондай-ақ, аталмыш оқу орынның студенттері қатысты.

Конференция барысында Еуразия территориясында өмір сүрген көшпенділердің этникалық мәселелері, ежелгі көшпенділердің рухани және материалдық құндылықтары, олардың жазу таңбаларының қалыптасу тарихы талқыланды. Сонымен қатар, Евразия территориясында өмір сүрген этникалық топтардың қазақтармен тарихи сабақтастығы сөз болып, сақтардың қолөнеріндегі «аң стилінің» қолдану мәнерінің ерекшелігі қаралды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш шара ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған.

Конференцияның ашылу салтанаты ежелгі түркі тотемі болып саналатын «Көкбөрі», «Қорқыттың» күй сарынымен, ежелгі көшпенділердің суперэтникалық андрон, сақ, ғұн, түркі тайпаларының киім үлгілерін көрсететін «Сақ киім үлгілері және Қазақстан петроглифтері» атты коллекциямен ашылды. Коллекцияның авторы - Алматы технологиялық университетінің «Дизайн» кафедрасының доценті Маргарита Өмірбекова.

«Бүгінгі конференцияның мазмұны мен тақырыбы терең және өте өзекті де, маңызды. Өйткені, көшпенділердің мәдениеті мен этнографиясы және археологиясы қазақ ғалымдары үшін 1950 жылдарға дейін жабық тақырып болып келді, сондай-ақ, басқа елдерде де көтерілмей келді. Ал, қазір Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлкет болғаннан бері жоғын түгендеуге мүмкіндік алды. Соның арқасында, кезінде айтылмаған тұжырымдар мен зерттеуге шектеу қойылған тақырыптарды ғылыми тұрғыдан қайта қарастыру мәселесі қолға алынды»,-деп атап өтті ашылу салтанатында Алматы технологиялық университетінің «Дизайн» кафедрасының доценті Маргарита Өмірбекова.

Оның айтуынша, түркі халқының тарихы, мәдениеті, киім жағынан болсын типологияға енбеген. «Сондықтан біздің мақсатымыз - түркі әлемін, түркі топтас елдерді, қай салада болмасын типологияда ұмыт қалмауға атсалысу, көшпенділер мәдениетінің тарихи құндылықтарын жан-жақты көрсету, сондай-ақ, олардың қазіргі Қазақстан қоғамындағы эстетикалық және өркениеттілік қызметінің тарихи сабақтастығын айқындап, бүгінгі және келешек ұрпаққа насихаттау болып табылады»,-деді М. Өмірбекова.

Оның пікірінше, көшпенділердің мәдениеті «өте өркениетті» болған. «Оған табылған артефактілер мен барьельефтерде бейнеленген конструкциялар дәлел бола алады. Бұл орайда атап өтерлігі, мәдениетті деген Мысыр, Парсы, Рим, Византия, Грекия және тағы да басқа Еуропа елдері ежелгі көшпенділер киімін киген. Сол кездегі сәнді деген киімдер ежелгі көшпенділер киімдерінен бастау алған. Көшпенділердің киімдері гректер мен византиялықтар үшін және еуропалықтар үшін негіз болған. Мәселен, ортағасырда керемет сән киім үлгісі мен еуропалықтардың әскери киіміне айналған фрак пен әйелдердің мантосы ежелгі көшпенділерден алынған, оған Таулы Алтайда табылған артефактілер дәлел бола алады»,-деді М. Өмірбекова.

Шара аясында көшпенділердің киім үлгілерімен қоса, киіз, гобеленнен жасалған ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Гүлшат Жураеваның көркемдік жұмыстары және студенттердің «Аң стилінде» атты шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар