Алматыда тұңғыш рет қалалық зообаққа арналған фотокөрме ашылды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тұңғыш рет қалалық зообаққа арналған фотокөрме ашылды. Оған осы хайуанаттар бағында түсірілген 53 фотосурет қойылды. Көрменің авторы, белгілі қазақстандық фотограф Михаил Сорокоумовтың айтуынша, бұл көрмеде ол жануарлардың әр түрлі мінездерін көрсетуге тырысқан.

«Жануарлардың да мінезі болады. Олар да жақсы көру, жек көру, мейірімді болу қабілеттеріне ие. Мен осы суреттерім арқылы жануарлар әлемінің қыр-сырын, мәнін аша түскім келді», - деді М.Сорокоумов.

Сонымен қатар фотограф табиғаттың нәзік екендігін айта келе, оны аялау керектігін айтты.

«Зубр (жабайы өгіз), Пржевальский жылқысы секілді жануарлар осы зообақтардың арқасында сақталып қалған. Бірақ өкінішке қарай, қазірдің өзінде жабайы жануарлардың құрып бара жатқандығын мойындауымыз керек. Осы ғасырдың соңғы 15 жылы ішінде Галапагос аралдарында өмір сүрген Абингдондық піл тасбақасы, Пиреней тауларында өмір сүрген Букардо тау текесі, Теңбілді жасыл кептер және Қытайлық өзен дельфині жер бетінен жойылып кетті. Сондықтан табиғатты аялап, жабайы жануарларды сақтай білуіміз керек», - деді көрме авторы.

Соңғы жаңалықтар
telegram