Алматыда тұңғыш рет Мұстафа Шоқайдың шығармашылық мұрасына арналған конференция өтіп жатыр
Туған жерінің азаттығы мен бақытты болашағы үшін күрескен алаш қайраткерінің шығармашылық мұрасына арналған конференцияның жұмысына еліміздің әр өңірінен және алыс-жақын шетелдерден келген шоқайтанушылар, тарихшылар мен шығыстанушылар қатысуда.
Басқосуда Мұстафа Шоқайдың әлеуметтік-экономикалық және саяси көзқарастары, оның ғылыми мұрасын зерттеу мәселелері қаралып, М.Шоқайдың Қазақстан, Кавказ және Орталық Азия халықтарының тәуелсіз мемлекеттік дамуы жолындағы күресі, оның болашақ Қазақстанның сыртқы саясаты жөніндегі ұстанымдары сөз болуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияның мақсаты - әлемнің әр-түрлі ғылыми орталықтарындағы шоқайтану саласындағы жетістіктермен танысу, М.Шоқайдың ғылыми мұрасын кең ғылыми айналымға түсіріп, көпшілікке жеткізу болып табылады.
Шараның ашылу салтанатында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітова: «Бұл ғылыми форумның Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтуі кездейсоқ нәрсе емес. Себебі, Мұстафа Шоқайдың мақсат-мұраттары, қазақ елінің тәуелсіз, дербес мемлекет болатындығына сенген ұлы арманы бүгінгі күнмен астасып, сабақтасып жатыр. Оның қоғам дамуы жөніндегі ой-толғамдары, халқымыздың ұлттық бірегейлігі, ұлттық мәдениетін, тарихы мен тілін көздің қарашығындай сақтау, өз алдына отау тігіп, дербес өмір сүру, өркениетті елдермен өзара тиімді қарым-қатынастар орнату, тәуелсіздікке ешбір баламаның жоқтығы туралы идеялары бүгінгі күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің басшылығымен жүргізіліп отырған саясатта көрініс табуда»,-деді.
«Елбасы: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес»,-деп ескерткен-ді. Ал, Мұстафа Шоқайдың Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді, тіпті, олармен иықтас тұрған ұлы тұлға екендігіне ешкім күмән келтіре қоймас. Оның ұлан-ғайыр ғылыми мұрасын көтеріп, зерттеулер жүргізген шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектері бізді осы тұжырымға жетелейді»,-деп атап өтті.