Алматыда тұрғын үй секторы 2018 жылға қарай толығымен газдандырылады

Күн тәртібі бойынша бірінші болып сөз алған Алматы қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ермек Үсенбаев өзінің есептік баяндамасында соңғы 11 ай ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Басқармада жемқорлық құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Жоспарға сәйкес, Басқарма бойынша 2015 жылға жылға 46,1 млрд. тенге бөлінді. Соңғы 11 ай ішінде оның 96,3 пайызы, яғни 44,3 млрд. теңге игерілді. Алдағы үш күн ішінде 100 пайыз игереміз», - деді Е.Үсенбаев. Осы жерде бүгінгі отырысқа төрағалық етіп отырған «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Станислав Конкуров оның сөзін бөліп, бюджеттің игеріліп жатқанын емес, Басқарманың ашықтығы мен есептілігін арттыруда қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын сұрады.
«Коммуналдық шаруашылық бойынша тұрғындар тарапынан өте көп арыздар келіп түсіп жатыр. Сіздің басқармаңызға қанша арыз келіп түсті? Сіз өзіңіз азаматтарды қабылдайсыз ба? Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме? Қандай шаралар қолданып жатырсыздар? Міне, бізді осы жағы қызықтырады, - деді С. Конкуров.
Өз кезегінде Алматы қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық Басқармасының басшысы қала бойынша коммуналдық шаруашылыққа қатысты сұрақтардың 60 пайызы осы Басқармаға келіп түсетіндігін айтты.
«Мен азаматтарды аптасына екі рет қабылдаймын. Аптасына 18-20 адам келеді. Жалпы, 2015 жылы бізге тұрғындар тарапынан 860 арыз келіп түсті. Олардың 65 пайызын қанағаттандырдық. Қалған мәселелер негізінен газдандыруға қатысты. Бүгінгі таңда Алматыда тұрғын үй секторының 5 пайызы газдандырылмаған. Бұл - 9,5 мың жеке үй. Алдағы жылы қалада мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы қолға алынады. «ҚазТрансГаз» АҚ бұл салаға 3,5 млрд. теңге жұмсауға дайын. Қалған 4,5 млрд. теңге мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жұмсалады деген үміттемін. Сөйтіп, 2018 жылдың соңына қарай, қала тұрғындары толығымен газбен қамтамасыз етіледі», - деді Е. Үскенбаев. Айта кетелік, 2015 жылы Қоғамдық кеңестің 5 отырысы болып өткен. Онда 27 жергілікті және аймақтық аймақтық мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың баяндамалары тыңдалды. Жыл басынан бері 130-ға жуық қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді. Мемлекеттік сатып алудың мониторингі бойынша 49 ұсыным хат енгізілді. Үнемделген бюджет қаржысы 280 млн. теңгені құрады. Мемлекеттік қызмет көрсету салаларын тексеру қорытындысы бойынша 109 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде: ҚР «Мемлкеттік қызмет көрсету» заңын бұзғаны үшін - 45, ҚР «Мемлекеттік қызмет және Ар-намыс» заңын бұзғаны үшін - 38 және Тәртіптік Кеңестің ұсынысы бойынша 26 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.