20:31, 07 Наурыз 2013 | GMT +5
Алматыда тұрғындардың 55 пайызға жуығын әйелдер құрайды - қала әкімі
АЛМАТЫ. 7 наурыз. ҚазАқпарат - Кез келген халықтың рухани деңгейі оның әйелге деген көзқарасынан көрініп, сый-құрметінен білінеді. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиында айтты.

"Бұл күн табиғаттың бойына біткен сұлулық, инабаттылық және ардақты аналарымыздың, аяулы қарындас қыздарымыздың мерейлі мерекесі. Қазақ халқының бүгінгі жетістігі, ұлт болып ұйысуы ең алдымен бесігіміздің иесі, отымыздың киесі сіздердің арқаларыңыз абзал аналар, аяулы арулар. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында аса маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келесіздер. Оның ішінде, әсіресе әлеуметтік салада әйелдер қауымының басымдығы ерекшеленеді", - деді А.Есімов. Шаһар басшысының айтуынша, қала тұрғындарының 55 пайызға жуығын әйелдер құрайды. Олардың үлесі денсаулық сақтау саласында - 82, білім беру саласында - 70, экономика саласында - 60 пайыздан асады.