Алматыда туристік қызмет көрсетуде алаяқтықпен айналысты деген күдікпен 43 жастағы әйел ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы туристік қызмет көрсету саласында алаяқтықпен айналысты деген күдікпен 43 жастағы әйелді ұстады. Бұл туралы бүгін Алматы қ. ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Алматыда туристік қызмет көрсетуде алаяқтықпен айналысты деген күдікпен 43 жастағы әйел ұсталды

Алматы қаласының Алмалы аудандық ІІБ жанындағы полиция бөлімінің дерегі бойынша, Галина Шараповаға туристік қызмет көрсету саласында бірнеше рет ааяқтық әрекеттермен айналысқан деген күдік тағылды. Тек осы аудан бойынша қазір оншақты қылмыстық іс тергеліп жатыр.

«Жәбірленушілердің арыздарына сүйенсек, бұл әйел «туристік жорықтарды ұйымдастырамын» деп, олардан ақша алған. Бірақ өз міндеттемесін орындамаған. Күте-күте шыдамы таусылған азаматтар алдымен аудандық ішкі істер бөліміне, кейін біздің полиция бөліміне жүгінді. Шарапова ұсталып, ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 128-ші бабы бойынша уақытша тергеу абақтысына қамалды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында бұлтартпау шарасы қолданылды. Алдын ала есеп бойынша, алданған азаматтарға келтірілген шығынның сомасы - 2 млн. теңгеден асады», - деді осы келеңсіз жағдайға байланысты Алмалы ауданы ІІБ жанындағы полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Диар Разыев.

Сондай-ақ, тергеушілер тергеу шарасы барысында күдіктінің осы тектес басқа да қылмыстарға қатысының бары-жоғы тексеріліп жатқандығын айтты. Осыған байланысты, полиция қызметкерлері ұсталған әйелдің құқық бұзушылық әрекеттерінің «құрбаны» болған азаматтар бар болса, мына телефондарға хабарласуларын сұрайды.

Телефондар: 298-54-70 және 298-54-72.