14:04, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматыда тұтынушылардың дәрежесіне байланысты суық суды пайдаланудың жаңа бағасы белгіленді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін баспасөз мәслихатында «Алматы Су» холдингі» МКК бас директоры Уәлихан Асанбаев тарифтердің жаңа жүйесі жайында әңгімеп берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2008 жылдың желтоқсанның 30-ында Алматы қаласында суық су мен кәріз қызметіне жаңа тарифтер енгізілген болатын. Оның алдыңғы тарифтерден басты айырмашылығы тұтынушылар дәрежесіне байланысты баға белгілеу еді. Осының арқасында халық пен бюджеттік мекемелердің су және кәріз қызметі тарифтерін өсірмей ұстап тұруға мүмкіндік туды. Қазіргі кезде су мәселесі кешенді шешім қабылдауды қажет етеді, себебі суды тұтынатын түрлі топтар мүддесін, суды тиімді пайдалану мен экологиялық мәселені ескеру қажеттігі алға шығып отыр. Сондықтан да тұтынушылар дәрежесіне байланысты су мен кәріз қызметіне тариф белгілеу уақыт талабына айналды. Суға сараланған тариф енгізу бастамасын Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов көтерді», дейді У. Асанбаев. Сумен қамтамасыз ету және кәріз қызметіне тұтынушылар дәрежесіне байланысты белгіленген тарифтер жүйесі 1974 жылдан бері қолданылып келген болатын, тек 1997 жылы республиканың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы реформасына сәйкес алынып тасталған еді. Бұл қазіргі таңда еліміздегі алғашқы жоба болып отыр. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық өңірлеріне осы жүйені енгізу жоспарлануда. Жуырда Астана қаласы және Алматы мен Қарағанды облыстары да осы тарифті енгізуді қолға алмақ.