Алматыда ҰОС ардагері С. Жиенбаевқа арналған «Полковниктің өмір жолы» атты көрме ашылды (ФОТО)

Сұлтан Жиенбаев Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1941 жылдың желтоқсан айында институттың екінші курсынан өз еркімен 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанады. Сөйтіп, танкіге қарсы қарулар тобының командирі бола жүріп, Ржев, Великие Луки, Невель қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. 1944 жылы үшінші рет ауыр жарақат алуына байланысты, Қарулы күштер құрамынан босатылады.
Сұлтан Жиенбаев Ұлы Отан соғысындағы қантөгістерде танытқан ерліктері үшін тоғыз жауынгерлік төсбелгілермен марапатталған. Солардың ішінде: екі мәрте Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі ордендерімен, Ресейдің «Великая Победа» орденімен, «Ерлігі үшін», «За отличие в охране госграницы СССР», «За победу над Германией», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі ерен еңбегі үшін» медальдары бар.
С. Жиенбаев 1954 жылы күзде Алматы қалалық партконференциясында Алматы қалалық партия комитетінің әкімшілік, жоспарлау-қаражат және сауда органдарының бөлім меңгерушісі болып бекітіледі. 1959 жылы Алматы қалалық Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1960 - 1962 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясының ОК-де бөлім меңгерушісі болып еңбек етті.
1962 жылы Қазақ ССР-нің Сауда министрі болып, ал, 1970 жылы - Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Онда 14 жыл қызмет атқарды. Бірнеше мәрте Қазақстан КП ОК-нің мүшесі және Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Бүгінде Сұлтан Сүлейменұлы Алматы қаласының құрметті азаматы, Д. А. Қонаев атындағы Халықаралық қордың құрметті президенті, құрметті теміржолшы, Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының құрметті президенті, Д. А. Қонаев атындағы университеттің құрметті профессоры.