Алматыда ұры өзін тоқтатпақ болған полицейлердің біріне пышақ салды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ұры өзін күшпен тоқтатпақ болған полицейлердің біріне пышақ салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде аялдамада ер адамды ұрып-соғып жатқан сәт түсірілген видео тарады.
«Тимирязев аялдамасы. Бірнеше ер адам бір адамды соққыға жықты», - деп жазады желі қолданушы.
Өз кезегінде қалалық полиция оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
« Видеоға әккі ұрыны ұстау кезі түсіп қалған. Ер адам Алматы аумағында үш ұрлық және бір тонау жасады деген күдікке ілінді. Ол- 1989 жылы туған Тараз қаласының тұрғыны. Бұған дейін ол ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған», - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінен.
Ведомствоның мәліметінше, ұстау кезінде күдікті полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшыларының бірін пышақпен жаралады.
Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Күдікті ұсталды.